Қазақстандық танымал бұрынғы футболшы және тәжірибелі маман Самат Смақов елордалық «Астана» командасының техникалық директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform.
Самат Смақов футболшы ретінде жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Қазақстан, Ресей және Түркия клубтарында доп тепті.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін «Ақтөбе» футбол клубында бас директор қызметін атқарды. Биыл «Елімай» командасының бас бапкері ретінде клубты Премьер-лигаға шығарды.
«Клуб басшылығы Самат Қабирұлының футбол саласындағы кәсіби мол тәжірибесінің арқасында алдағы уақытта «Астана» футбол клубының техникалық бағыттағы жұмыстары тек оң шешімін тауып, дами түседі деп сенім білдіреді. Техникалық директордың міндетіне спорт бөлімінің қызметін техникалық тұрғыда қамтамасыз ету, оның ішінде футбол академиясының құрылысы мен табысты жұмыс істеуі жатады», - деп жазылған «Астана» клубы таратқан хабарламада.
Ал бұдан бұрын Андрей Карпович «Елімайдың» бас бапкері қызметіне кіріскен болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.