Халықаралық самбо федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әлемнің көптеген елдерінен майталман балуандар қатысқан жарыстың бірінші күні әйелдер арасында Гүлнәр Ерболова 52 кг салмақта финалда ресейлік Анна Харитоновадан таза жеңіліп, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Ақтолқын Смағанбетова 80 кг салмақта соңғы бәсекеде тағы да ресейлік Анастасия Филипповичке есе жіберіп, екінші орынды иеленді. Ал Ажар Кеңпейіл 60 кг, ерлер арасында Шыңғыс Шоқпытов 100 кг салмақта қола медальді жеңіп алды. Оған қоса әскери самбодан Ержан Қабделов 82 келіде күміс медальді олжалады.
Жарыстың екінші күні Қазақстан қоржынына алтын медаль да түсті. Есет Қуанов 62 келі салмақта жеңіс тұғырына көтерілді. Сонымен қатар Динара Жұмабаева 64 кг, Ділдәш Күрішбаева 72 кг және Құндызай Жайшыбекова 80 кг жоғары салмақта финалда ғана сүрініп, күміс жүлдені иеленді. Ерлер арасында Бейімбет Қанжанов 52 кг, Айдын Дартаев 74 кг, әскери самбодан Амангелді Аманшаев 52 кг және Руслан Аушев 100 кг жоғары салмақта қола жүлдені қанағат тұтты.