Самбо: Харлампиев турнирінде қазақстандықтар жүлдесіз қалған жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу қаласында самбодан дәстүрлі «А.Харлампиев мемориалы» әлем кубогы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Халықаралық самбо федерациясының ресми сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әлемнің жиырмадан астам елінен ең мықты самбошылар қатысқан халықаралық додада қазақстандықтар да жүлдесіз қалған жоқ. Атап айтқанда, жарыстың бірінші күні әйелдер арасында Гүлнұр Ерболова 52 кг, Ажар Кеңбейіл 60 кг, Арайлым Шегенова 80 кг, ерлерден Нұрбол Серіков 68 кг, әскери самбодан Миржан Бақтыбаев 82 кг салмақта қола жүлдегер атанды.

Ал сенбі күні ерлер арасында Бейімбет Қанжанов 52 кг, Ерасыл Қажыбаев 100 кг салмақта күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ әйелдер арасында Динара Жұмабаева 64 кг, әскери самбодан Шыңғыс Қажиақпаров 62 кг салмақта қола медальді иеленді.

Командалық есепте әйелдер арасында Ресей, Грузия, Беларусь, ерлерден Ресей, Беларусь, Түркменстан, әскери самбодан Ресей, Түркменстан, Армения елдері алда болды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы үздік үштікке іліге алған жоқ.

Айта кетейік, 7-9 сәуір күндері Алматы қаласында ерлер мен әйелдер арасында самбодан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін халықаралық турнир өтетін болады.