ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жапонияның Нарита қаласында өтіп жатқан ересектер арасындағы әлем чемпионатының екінші күнінде Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті.
Халықаралық самбо федерациясының ресми сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 52 келі салмақта әйелдер арасында қазақстандық Гауһар Тұрмаханова чемпион атанды. Ол финалда ресейлік Анна Харитоновадан басым түсті. Сондай-ақ жарыстың екінші күні ерлерден қазақстандық Асылбек Әлкей 74 келі салмақта қола жүлдеге ілінді. Әскери самбодан Руслан Аушев 100 келіден жоғары салмақта тағы бір қола жүлдені еншіледі.
Әлем чемпионаты ертең мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).