ОРАЛ. ҚазАқпарат – Самбодан ересектер арасында Чхонджу (Оңтүстік Корея) қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы күні Қазақстан қоржынына қос күміс, бір қола медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Батысқазақстандық Болатбек Райымқұлов 52 кг салмақта күміс жүлдеге ие болды.
Алдымен корей спортшысын ұтқан Болатбек содан кейін Армения өкілі Тигран Кирокосянды тізе бүктірді. Тек финалда ғана екі дүркін әлем чемпионы, ресейлік Игорь Беглеровқа есе жіберді.
Тағы бір қазақстандық Серікжан Түсіпов жауынгерлік самбодан 57 кг салмақта екінші орынға көтерілді. Ол да соңғы бәсекеде ресейлік Александр Нестеровтан ұтылды.
Әйелдер арасында қазақстандық Динара Жұмабаева 60 кг салмақта қола жүлдеге ілікті.
Әлем чемпионаты 10 қараша күні мәресіне жетеді.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Батыс Қазақстаннан тағы бір самбошы Темірлан Көлбай 100 келіден астам салмақта бақ сынайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).