АСТАНА. ҚазАқпарат - Бухарест қаласында самбодан ересектер арасында мәреге жеткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қос алтын, бір күміс, үш қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың соңғы, үшінші күні қос бірдей балуанымыз әскери самбодан жүлдеге ілікті. 68кг салмақта Нұргелді Қиялбеков финалға дейін қамшы салдырмай жетті. Нұргелді соңғы бәсекеге шықпағандықтан, чемпиондық атақ ресейлік Шейх-МансурХабибулаевқа берілді.
Сондай-ақ, 52 кг салмақта Нүркен Домбаев қола жүлдеге қолжеткізді.
Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күні БҚО өкілі Нұрбол Серіков самбодан 68 кг салмақта чемпион атанса, тағы бір қазақстандық Серікжан Түсіпов (57 кг) әскери самбодан қола жүлдеге ие болды.
Содан кейін сенбі күні Батыс Қазақстаннан барған Темірлан Ихсанғалиев 82 кг салмақта әскери самбодан жеңіс тұғырына көтерілді. Әйелдер арасында Гүлнұр Ерболова (52 кг) ғана жүлдегерлер қатарынан көрініп, үшінші орынды иеленді.
Чемпионат қорытындысында медальдар саны бойынша Ресей құрамасы әйелдер мен ерлер арасында, сондай-ақ әскери самбодан көш бастады. Қазақстандықтар әскери самбодан Ресей мен Украинаны алға салып, үздік үштікті түйіндеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).