Самбодан әлем чемпионаты: Қазақстандықтар алғашқы күні 2 «алтын» алды

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан самбо және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық спортшылар төрт медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүбірлі дода 12-14 қараша аралығында өтеді. Оған әлемнің 50 мемлекетінен балуандар келді. Турнир тарихында алғаш рет 7 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынуда.

Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасынан балуандар 2 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алды. Финалдық сында ерлерде Жананиет Рахат (64 келі) тәжік спортшысы Хушкадам Хусравовты 8:0 есебімен жеңді. Ал 54 келідегі қыздар арасында Гүлдана Әлмұханбетова моңғол балуаны Нехитбаатар Баярмадан 3:2 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, жауынгерлік самбодан 98 келіде Мәди Райхан күміс жүлдеге ие болды. Финалдық сында ол жарақатына байланысты бозкілемге шыға алған жоқ. Дәрігерлер спортшының жарысқа шығуына қарсы болды.

Күндізгі сессияда Болатбек Райымқұлов (58 келі) белдесіп, қоланы қанағат тұтқан еді.

Айта кетерлігі, әлем біріншілігінде қазақстандық мамандар ерлер арасынан Болатбек Райымқұлов (58 келі), Рахат Жананиет (64 келі), Нұрбол Серіков (71 келі), Айдын Дартаев (79 келі), Еркебұлан Қалеш (88 келі), Марат Байқұмаров (98 келі), Темірлан Көлбай (98 келіден жоғары) сынды балуандарға сенім артты.

Ал қыздарда Айжан Жылқыбаева (50 келі), Гүлдана Әлмұханбетова (54 келі), Маржан Бизақ (59 келі), Ажар Салықова (65 келі), Ділдаш Құрышбаева (72 келі), Азман Амаева (80 келі) және Арайлым Әбенова (80 келіден жоғары) ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Ж

Жауынгерлік самбода Нұркен Домбаев (58 келі), Әділбек Сейісов (64 келі), Аманжол Нұралыұлы (71 келі), Нұрлан Тұрғанбаев (79 келі), Умар Янковский (88 келі), Райхан Мәди (98 келі ) және Мақсұт Дайырбаев (90 келіден жоғары) ел құрамасына енгізілген.