НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен самбо және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық спортшылар жалпы командалық есепте екінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүбірлі додада жігіттерде Жаңаниет Рахат (64 келі) мен қыздар арасында Гүлдана Әлмұханбетова (54 келі) алтыннан алқа тақты.
Жауынгерлік самбода Мәди Райхан (98 келі) күміс жүлдеге ие болды. Ал қыздарда Ажар Салықова (65 келі), Ділдаш Құрышбаева (72 келі) екінші орынға табан тіреді.
Ел құрамасынан Болатбек Райымқұлов (58 келі), Айдын Дартаев (79 келі), Нүркен Домбаев (58 келі), Әділбек Сейісов (64 кг), Умар Янковский (88 келі) қола жүлде алды.
Дүбірлі дода 12-14 қараша аралығында өтті. Оған әлемнің 50 мемлекетінен балуандар келді. Турнир тарихында алғаш рет 7 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.
Алдағы әлем чемпионаты 2022 жылы Түрікменстан астанасы Ашғабат қаласында өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.