Самбодан әлем чемпионатында қос қазақстандық спортшы қола жүлдені иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Марокконың Касабланка қаласында өтіп жатқан самбодан әлем чемпионатының үшінші күнінде қола жүлдегерлер мен финалға шыққан спортшылар белгілі болды.

Халықаралық самбо федерациясының ресми сайтынан алынған мәліметке қарағанда, қазақстандық Ділдәш Құрышбаева 68 келі салмақта және Есет Қуанов 62 келі салмақта қола жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар әскери самбодан қос бірдей қазақстандық алтын жүлде үшін таласады. 52 келі салмақта Алмас Сүлейменов ресейлік Амыр Бакрасовпен, 68 келіде Арман Оспанов тағы бір ресейлік Рашад Мурадовпен соңғы бәсекелерін өткізеді.