ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық балуан Серікбай Нығмет Румынияның Плоешти қаласында самбодан өткізілген жастар арасындағы әлем біріншілігінен қола жүлдемен оралды.
БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 68 салмақта күрескен Серікбай үшінші орын үшін бәсекеде армениялық спортшыны тізе бүктірді. Оның жеке бапкері - өзі де кезінде самбодан жастар арасындағы дүниежүзілік додада топ жарған және ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бірлес Есенғалиев.
Айта кетейік, С.Нығмет осыған дейін 2014 жылы Сеулде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде де қола жүлдені еншілеген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).