ОРАЛ. ҚазАқпарат - Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында самбодан ҚР Президентінің жүлдесі үшін әлем кубогы кезеңінде батысқазақстандық палуандар табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Әскери самбодан Қазбек Сұпығалиев 62 кг және Темірлан Ихсанғалиев 82 кг салмақта ешкімге дес бермей, алтыннан алқа тақты. Сол секілді самбодан 57 кг салмақта Сырым Мейірманов финалға дейін жақсы күресіп, соңғы бәсекеде әлем чемпионы Бейімбет Қанжановқа ғана есе жіберді. 68 кг салмақта Нұрбол Серіков күміс жүлдеге қол жеткізсе, Бағдат Жарылғасов үшінші орынға көтерілді. Оған қоса Болатбек Райымқұлов (52 кг) пен Темірлан Көлбай (100 кг) қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, халықаралық самбо федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстаннан әйелдер арасында Назгүл Елмұратова (52 кг), Аққал Өтебек (60 кг), Динара Жұмабаева (64 кг), ерлерден Б.Қанжановқа қоса Ғалым Әбдірахманов (74 кг), әскери самбодан Наурызбек Дәулетбаев (57 кг), Асылбек Смаилов (74 кг), Райхан Мәди (100 кг) чемпион атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).