Самбодан Азия чемпионатында қазақстандық 5 жасөспірім балуан чемпион атанды

Фото: Фото: Sambo.qazaqstan/instagram

ОРАЛ. KAZINFORM — Ташкент қаласында спорттық самбодан жасөспірімдер арасында Азия және Тынық мұхит чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті. 

Қазақстан самбо федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық жасөспірім балуандар 5 алтын, 5 күміс, 5 күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орыннан көрінді.

Әсіресе, қыздар арасынан төрт чемпион шықты. Ақжібек Ұзақбаева (50 кг), Аружан Алмағамбетова (54 кг), Ақерке Ажмахан (80 кг), Тағжан Төлебай (+80 кг) алтыннан алқа тақса, Нұрай Қамзаева (59 кг), Диляра Егізбай (65 кг), Аянат Қанатбекке (72 кг) күміс, Нұрсая Халмырзаға (47 кг) қола бұйырды.

Бозбалалар арасында Мейрамбек Мейрамғали (58 кг) жеңімпаз атанса, Ғаламат Алпысбай (71 кг), Нұрхан Жамалхан (98 кг) күміс, Арман Өмірбек (53 кг), Сержан Жиенғазиев (54 кг), Арқат Өтеген (88 кг), Айдын Хамидолла (+98 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық самбошылар Азия чемпионатында 8 алтын жеңіп алғанын жазған болатынбыз.