ОРАЛ. KAZINFORM — Ташкент қаласында спорттық самбодан жасөспірімдер арасында Азия және Тынық мұхит чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті.
Қазақстан самбо федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық жасөспірім балуандар 5 алтын, 5 күміс, 5 күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орыннан көрінді.
Әсіресе, қыздар арасынан төрт чемпион шықты. Ақжібек Ұзақбаева (50 кг), Аружан Алмағамбетова (54 кг), Ақерке Ажмахан (80 кг), Тағжан Төлебай ( 80 кг) алтыннан алқа тақса, Нұрай Қамзаева (59 кг), Диляра Егізбай (65 кг), Аянат Қанатбекке (72 кг) күміс, Нұрсая Халмырзаға (47 кг) қола бұйырды.
Бозбалалар арасында Мейрамбек Мейрамғали (58 кг) жеңімпаз атанса, Ғаламат Алпысбай (71 кг), Нұрхан Жамалхан (98 кг) күміс, Арман Өмірбек (53 кг), Сержан Жиенғазиев (54 кг), Арқат Өтеген (88 кг), Айдын Хамидолла ( 98 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық самбошылар Азия чемпионатында 8 алтын жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).