БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары жетістіктер спорты бөлімінің басшысы Нұрлан Қазимовтің мәлім еткеніндей, жарыстың алғашқы күні Болатбек 58 келіге дейін салмақта кілемге шықты.
Алдымен ол әзербайжандық балуан Эйваз Бахшиевті ұтты. Жартылай финалда тәжікстандық Акмалидин Каримовқа 1:4 есебімен есе жіберді.
Қола жүлде үшін бәсекеде Б.Райымқұлов марокколық Ясер Боухесоннан айласын асырды.
Биыл 28 жасқа толған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Болатбек Райымқұлов осыған дейін самбодан екі мәрте Азия чемпионы атанып, 2019 жылы Сеулде өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдеге ие болған еді.
Ташкентте Батыс Қазақстаннан сондай-ақ Нұрбол Серіков, Еркебұлан Қалеш, Темірлан Көлбай, Әділбек Сейсов ел намысын қорғайды.
Халықаралық самбо федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, биыл дүниежүзілік жарыс алғаш рет жеті салмақ дәрежесінде өтеді.
Әлем чемпионатының жүлде қоры – 231 мың АҚШ доллары. Чемпиондарға 4 мың, күміс жүлдегерлерге 3 мың, қола жүлдегер атанғандарға 2 мың доллардан сыйақы беріледі.