Самбошыларымыз халықаралық турнирдің алғашқы күні 1 «алтын», 4 «қола» жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАҚпарат - Беларусь астанасы Минск қаласында самбо күресінен «А» санатындағы халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен 21-ші рет жалауын желбіретіп отырған Беларусь Президенті жүлдесіне арналған дәстүрлі турнирге Қазақстан құрамасы да қатысып жатыр. Жалпы, турнирге жерлестерімізден бөлек Ресей, Украина, Беларусь, Румыния, Грузия, Түркіменстан құрамалары қатысуда.

Кеше жарыстың алғашқы күні отандастарымыз 1 алтын және 4 қола медаль жеңіп алды.

Ерлер арасында 52 келі салмақта Болатбек Райымқұлов қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Осы салмақта Бағлан Ибрагим қола жүлдені жеңіп алса, аса ауыр салмақ дәрежесінде Ерасыл Қажыбаев және 62 келіде Бағдат Жарылғасов үшінші орынға жайғасты. Ал қыздар арасында Динара Жұмабаева 64 келі салмақта қола медаль иеленді.