Самир Дурсунов еркін күрестен әлем чемпионатында қола алды

Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық Самир Дурсунов (97 келі) Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгілер арасында еркін күрестен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

Қола жүлде үшін сайыста ол үндістандық Вишалмен шеберлік байқасты. Кездесуде Самир қарсыласын 6:0 есебімен жылдам жеңіп кетті. Олардың бәсекесі небәрі 60 секундқа созылды.

Осылайша Самир Дурсунов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Қазақстандық балуан әлем чемпионатында алдымен мысырлық Абдельрахман Шеятанды 9:8 есебімен жеңсе, ширек финалда бейтарап құрама атынан сынға түскен ресейлік Магомедгаджи Магомедовке 8:14 есебімен жол беріп қойды.

Ал жұбаныш белдесуінде қытайлық Цзиавею Лиді 12:2 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ бүгін Едіге Қасымбек (125 келі) алтын медальға таласады.

Дүниежүзілік дода 1969 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін қазақстандық балуандар 10 алтын, 27 күміс, 39 қола медаль алды.

Былтыр Испанияның Понтеведре қаласында өткен әлем чемпионатында ел құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлдемен медальдар кестесінде төртінші орынға тұрақтады.