Саммит ЕҚЫҰ үшін жаңа тарихи кезең болатынына сенім мол - К. Жигалов

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанадағы саммит ЕҚЫҰ үшін жаңа тарихи кезең болатынына және оның Еуроатлантикалық, Еуразиялық кеңістіктегі барлық ортақ қауіпсіздіктерге қатысты қызметін тереңдете түсетініне сенім мол.

Бүгін елордада ЕҚЫҰ аясындағы Шолу конференциясының жалпы отырысында ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының арнаулы өкілі-Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов осылай мәлім етті.

«ЕҚЫҰ саммиті аясындағы Шолу конференциясы барысында бірқатар ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда, ондай ұсыныстардың бір парасы ЕҚЫҰ-ны саяси диалог түрінде нығайтуға қатысты болды. Бұл ретте кеңестер бойынша қауіпсіздік түрлерінің шешімдерін және ЕҚЫҰ ашықтығына қатысты жасалатын қадамдардың кепілділігі бойынша бірлескен үдерістерді жетілдіру жолына баса назар аудару қажеттігу туралы мәселе көтерілді. Сонымен қатар, көптеген қатысушылар ЕҚЫҰ-ның құқықтық базасын нығайту туралы да ұсыныс жасады», - деді К. Жигалов.

Оның айтуынша, басқосу барысында ЕҚЫҰ хартиясы немесе Ұйым жарғысын қабылдау туралы да мәселе көтерілген.

«Жалпы, соңғы үш айда біз өзіміз ұйымдастырып отырған тәуелсіз Шолу конференциясы барлық жерде де, Венаның шығысынан батысына дейінгі аралықтың барлығында да ЕҚЫҰ қызметінің біршама алшақтықтары бар екендігін көрсетті. Ал бұндай ашық талқылаулар орын алып отырған олқылықтарды түзетуді қамтамасыз етері анық әрі біздің шешімді ұсыныстарымыз сөзсіз алдағы саммиттің жемісті өтуіне септігін тигізеді. Мен Астанадағы саммит ЕҚЫҰ үшін жаңа тарихи кезең болатынына және оның Еуроатлантикалық, Еуразиялық кеңістіктегінде барлық ортақ қауіпсіздіктерге қатысты қызметін тереңдетеді деп сенемін», - деді СІМ орынбасары.