Саммитті сәтті өткізудің маңызды факторы мемлекет басшыларының және саммиттке қатысушылардың қауіпсіздігі болып табылады - Қ.Саудабаев

СТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Астанада желтоқсанның 1-2-сі аралығында өтетін ЕҚЫҰ саммитіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс тобының бірінші кеңесін өткізді.

Алқалы жиын барысында Қ. Саудабаев бұл жобаның жүзеге асуына Елбасының ерекше назар аударып отырғандығын баса айтты. Оның атап өтуінше, тамыздың 16-сы күні Ақордада өткен жиын барысында ҚР Президенті 4 жұмыс тобын белгілеген. Олар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, саммит мазмұнын толықтыру, қаржылық мәселесін шешу және ақпараттық насихаттауды қамтамасыз ету мәселелерін қамтиды.

«Саммитті сәтті өткізудің маңызды факторы мемлекет басшыларының және саммитке қатысушылардың қауіпсіздігі болып табылады. Сондықтан біз жұмыс тобының бірінші кеңесін қауіпсіздік мәселелеріне арнап отырмыз. Оны Мемлекет басшысының шешімімен Президент күзеті қызметінің бастығы, генерал Мұхтар Аюбаев басқарады», деді Қ. Саудабаев.

Кеңес қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар берілді.