Самокаттарға арналған жолақтар салу қажет – Мәжіліс депутаты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Jibek Joly телеарнасының Мәжілістегі студиясында қонақта болған депутат Сергей Пономарев палатаның жалпы отырысында қандай мәселе туралы депутаттық сауал жолдағанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір самокат мінген адамдар қатары артып келеді. Біз мұның қозғалыс үшін қажетті құрал екенін білеміз. Самокаттар экологиялық тұрғыдан зиянды емес. Сонымен қатар, бұл жаңа бизнес. Ол 15 мың адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Алматыда бір күнде самокаттар 50-60 мың рет қолданылады. Самокаттар есебінен күнделікті 30 мың көлік кетпелісте тұрмайды. Дегенмен, мәселенің келесі ұшы бар. Мәселен, самокатқа мінген жасөспірімдер ережелерді білмейді. Егер олар жаяу жүргіншілерді қағып кетсе, онда олар жаза арқаламайды. Оқиға орнынан қашып кетуге тырысады. Ол самокат болғандықтан, ереже бұзған адамды табу мүмкін емес. Сондықтан нақты ереже мен талап, жауапкершілік енгізу керек», - деді Сергей Пономарев.

Депутат пікірінше, самокаттардың қатысуымен болған оқиғалардың статистикасын жүргізіп, ереже бұзғандарға арнайы жауапкершілік енгізу қажет.

«Егер самокат мінгендерге көлік жолымен жүруге рұқсат берсек, онда жүргізушілер оларды соғып кетуі мүмкін. Ал, самокат қолданушыларын тротуарға жіберсек, олар қарапайым жүргіншілерді қағып кетеді. Бізде арнайы жолдар аз. Осыларды шешу үшін инфрақұрылымды дамыту керек. Қазіргі кезде самокаттарды Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жаппай пайдалануға енгізуге болады. Алайда, бізде басқа да өңірлер бар емес пе?! Сондықтан тиісті инфрақұрылым жасау керек. Ол үшін қаражат бөлу керек», - деп тоқталды ол.

Депутат осы орайда Франциядағы ұқсас жағдайды еске алды. Ол мемлекет азаматтардың жеке самокаттарымен жүруіне рұқсат бергенімен, жаппай жалға беру орындарына тыйым салды. Сергей Пономарев мәселені қысқа қайырып, шеше салуға болмайтынын айтты. Оның пайымынша, кез келген уақытта шектеу енгізуге болады. Бірақ, бастысы - инфрақұрылымды жақсартып, тұрғындарды экологиялық таза көлікті қолдануға үндеу.