Самокатты пайдалануға қатысты жаңа заң: қандай шектеу күшіне енеді

Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанда электросамокаттарды жалға беру тәртібі қайта қаралып, Парламент кикшерингілік компанияларға жаңа талаптар енгізетін заң нормаларын бекітті. Өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл бастама самокаттармен болған жол-көлік оқиғалары мен құқықбұзушылықтар санының өсуі аясында көтерілді.

Заңда не өзгерді

Парламенттің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, самокаттарды жалға беретін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге бірқатар міндет жүктеледі. Атап айтқанда, әрбір самокатқа тіркеу нөмірін беру арқылы есеп жүргізу, пайдаланушыларды сәйкестендіру, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау көзделген.

Сонымен қатар 18 жасқа толмаған, көлік құралын басқару құқығы жоқ немесе одан айырылған адамдардың электр самокаттарды жалға алуына және жолдың жүру бөлігінде басқаруына жол берілмейді. Пайдаланушыларға қағидаларды бұзған жағдайда қандай айыппұлдар мен құқықтық салдар туындайтыны жөнінде алдын ала ескерту міндеті енгізіледі.

Заң нормаларына сәйкес кикшерингілік ( электросамокатты немесе соған ұқсас шағын көлікті қысқа уақытқа жалға беру қызметі – ред.) компаниялар самокаттардың қозғалыс жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға арналған технологияларды қолдануға, әртүрлі аймақтарда белгіленген ең жоғары жылдамдықты автоматты түрде сақтайтын шектеу енгізуге, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіретін жерлерге самокат қалдырмауға міндеттеледі.

Бұдан бөлек, әрбір электрсамокатқа міндетті сақтандыру талабы енгізіледі. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті мемлекеттік органға самокаттардың орналасқан жері туралы деректерді беру де қарастырылған.

Сарапшы не дейді?

Бұған дейін микромобильді көлік бойынша сарапшы Әнуар Жүсіповтің осы мәселеге қатысты пікірін жариялаған болатынбыз. Оның айтуынша, басты мәселе электр самокатта емес, қала инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуында.

Сарапшы бастапқыда белгіленген жылдамдық шектеулерінің физикалық тұрғыда орындалуы қиын екенін атап өтеді.

– Жүргінші жолағына абсолютті басымдық беру, жаяу жүргіншіге зиян келсе қатаң жауапкершілік енгізу, автомобиль жылдамдығын азайту секілді шаралар арқылы ғана қауіпсіздікке қол жеткізуге болады. Ал біз самокатқа тыйым салу арқылы «жоюды» көздеп отырмыз. Бұл – қате, – дейді ол.

Кәсіпкерлер наразы

Ал самокат жалға беру нарығындағы компаниялардың бірі – Jet Sharing өкілі де қабылданған нормаларға қатысты өз ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, реттеуде самокат санына емес, пайдалану қарқынына назар аудару маңызды.

– Биыл Алматы қаласында ғана 16 миллионнан астам сапар жасалды. Біз заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына шақырылған жоқпыз. Жалпы алғанда, жағдайдың жақсаратыны анық. Қазір бірқатар басылым самокат пайдаланушылардың барлығына жүргізуші куәлігі қажет деп жазып жүр. Менің ойымша, жүргізуші куәлігі тек жолдың жүріс бөлігінде қозғалған жағдайда қажет. Ал веложолақта, велосипед жолағында немесе тротуарда сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүрген кезде жүргізуші куәлігі талап етілмейді, – деді ол.

ІІМ дерегінше, электросамокат ұғымы мен оларды басқаратын адамдардың құқығы мен міндеттері алғаш рет 2023 жылы заңнамалық деңгейде бекітілген. Қазіргі таңда Парламент Сенатында кикшерингілік (влаоптвоапт – ред.) компанияларға қатысты қосымша міндеттерді көздейтін заң жобасы бекітілді. Онда электр самокаттарды тіркеу, сақтандыру, техникалық жағдайын бақылау және пайдаланушыларды тексеру нормалары нақтыланған.

Фото: Kazinform

Самокаттан биыл қанша адам жапа шекті?

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері электр самокаттарға қатысты 443 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

– Биыл самокаттарға қатысты апаттан 3 адам қаза тауып, 456 адам жарақат алған. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі Алматы қаласында болған, - делінген ведомстоның Kazinform агенттігінің ресми сауалына берілген жауапта.

Сондай-ақ ел бойынша әкішілік жауапқа тартылған азаматтардың саны да аз емес екені анықталды.

– 37 621 электр самокат жүргізушісі жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған құқықбұзушылықтар бойынша 297 ата-ана жауапқа тартылған. Электросамокаттардытротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарына ретсіз қалдырғаны үшін 18 мыңға жуық самокат арнайы тұраққа жеткізілген, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 18 желтоқсанда Сенат «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңды және оған ілеспе 2 құжатты екі оқылымда қарап, мақұлдады. Аталған ілеспе құжаттардың бірі осы самокат тақырыбына қатысты.