Samsung теледидар қаптамасындағы фотоға қатысты Дуа Липаның талабына жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – Samsung Electronics компаниясы британдық әнші Дуа Липаның өз фотосын теледидар қаптамасында заңсыз пайдаланды деген айыптауларын жоққа шығарды, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.

Фото: Yonhup

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, суретті қолдануға рұқсат үшінші тарап контент-серіктесі арқылы алынған.

Еске салсақ, әншінің командасы АҚШ-тың Калифорния штаты Орталық округінің сотына талап арыз берген еді. Әртістің өкілдері Samsung-ты авторлық құқықты, тауар белгісін және бейнені жария пайдалану құқығын бұзды деп айыптап, 15 миллион доллар өтемақы талап етіп отыр.

Ал компания өкілдері Дуа Липаның фотосы Samsung TV Plus сервисі арқылы теледидарларда қолжетімді серіктестік контентті көрсету мақсатында пайдаланылғанын айтты.

Фотосуретті платформа серіктестерінің бірі ұсынған. Ол барлық қажетті рұқсаттың, соның ішінде суретті бөлшек сауда қаптамасында қолдануға келісімнің бар екенін растаған.

Samsung сондай-ақ өнер иелерінің интеллектуалдық меншігіне құрметпен қарайтынын және дауды реттеу әрекеттерін жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Әнші өкілдері бұл мәселені 2025 жылдың жазында көтергеннен кейін Samsung Дуа Липа бейнеленген қаптамаларды шығаруды тоқтатып, дизайнды өзгерткен және медиация рәсімін бастаған. Алайда тараптар дауды реттей алмағандықтан, іс сотқа жетті.

Еске сала кетсек, бұған дейін британдық поп-жұлдыз Дуа Липа суретін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін Samsung компаниясын сотқа беріп, одан 15 млн доллар талап еткенін жаздық.