«Самұрық-Қазына» қандай материал құқық қорғау органына берілгенін жариялаудан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM — «Самұрық-Қазына» Жоғары аудиторлық палата аудитының қорытындысында қандай бұзушылықтар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілгенін жариялаудан бас тартты.
- Жоғары аудиторлық палатаның есебі «Қызметтік пайдалану үшін» белгісі бар құжат саналады. Себебі ол құпия ақпаратты қамтиды және оны ашық түрде таратуға болмайды. Осыған байланысты материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы мәліметтерді ұсыну қолданыстағы шектеулерге байланысты мүмкін емес екенін хабарлаймыз, - деп атап өтті қордан агенттіктің ресми сауалына орай.
Айта кетейік, Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» АҚ мен еншілес ұйымдарында мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, қорытындысында:
- 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылық,
- 122,2 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану фактілері,
- 119 жүйелік кемшілік тіркелген.
Сонымен қатар бірқатар материал әкімшілік іс қозғау үшін жолданса, ал кейбір бұзушылықтар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілген.