«Самұрық-Қазынаға» қаңтардың соңына дейін үш қалада ЖЭО салу мәселесін шешу міндеттелді

Фото: sk.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының басшылығына бірнеше тапсырма берді.

— Мемлекет басшысы көмір генерациясын дамытудың және жаңа жылу электр орталықтары жобаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» қорына қаңтар айының соңына дейін Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын іске асыру бойынша келісімшарттарды бекітуді тапсырамын. Құрылыс жұмыстарына алдымыздағы сәуір айында кірісу керек, — деді ол.

Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне бір айдың ішінде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны Үкіметке енгізуді тапсырды.

— Мемлекет басшысы елде энергия ресурстарына сұраныс өсіп отырған қазіргідей жағдайда геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, көмірсутектердің жаңа кен орындарын игеру және ірі газ өңдеу зауыттарын уақтылы іске қосу қажеттігін атап өтті. Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен бірге ақпан айының соңына қарай мұнай мен газдың жаңа кен орындарын игерудің егжей-тегжейлі жоспарын енгізуді тапсырамын. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры газ өңдеу жобаларын іске асыру кестесінің сақталуын қатаң бақылауды қамтамасыз етіп, ай сайын мені тікелей хабардар етіп отырсын, — деді Олжас Бектенов. 

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында салынуы керек болған жаңа жылу-электр орталықтарының құрылысы тым ұзаққа созылып бара жатқанын сынаған болатын