АСТАНА. KAZINFORM - 7 млрд теңге Атырау облысында су тасқынынан ең көп зардап шеккен Құлсары қаласының инфрақұрылымын қалпына келтіру мақсатында бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» арқылы «Атырау» әлеуметтік дамыту корпоративтік қорына аударылды. Бұл игі іс «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Жалпы, осыған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобы елімізде орын алған су тасқынына қарсы күреске 15 млрд теңге бөлген болатын. Сонымен бірге портфельдік компаниялар өңірлерде азаматтарды тасымалдауды ұйымдастырып, арнайы техника бөліп, гуманитарлық көмек көрсетті.
Бүгінде Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорына еншілес кәсіпорындардың серіктестерінен су тасқыны салдарын жоюға қаражат түсу жалғасуда. Олардың ішінде мұнай-газ секторындағы румындық «Rompetrol», ірі атом компаниялары «Cameco» және «CGN» және «Marubeni» жапондық сауда компаниясы бар. Қаражат өңірлердегі инфрақұрылымды қалпына келтіруге бағытталатын болады.
Ербол Жанат
ЕҰУ-да журналистика мамандығы бойынша бакалавриатты және магистратураны тәмамдаған. Стамбул мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында, "Астана ақшамы" газетінде тілші болған. 2014 жылдан бері Kazinform ХАА-да шығарушы редактор қызметін атқарып келеді.