«Самұрық-Қазына» компанияларында 2,5 мың кемтар адам жұмыс істейді

Ұлттық қор мен оған еншілес компанияларда "ерекше жандар" еңбек етіп жатыр. Оларға белгілі бір деңгейде жеңілдіктер қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: pixabay.com

«Қор және оның портфельдік компаниялары мүмкіндігі шектеулі қызметкерлерге қатысты үнемі шаралар қабылдап отырады. Бүгінгі таңда компаниялар тобында ерекше қажеттілігі бар 2 582 адам жұмыс істейді. Олар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған», - деді «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов компанияда өткен баспасөз мәслихатында.

Қор өкілінің мәлімдеуінше, ерекше жандар үшін қысқартылған жұмыс күндері, қосымша еңбек демалысы, сауықтыру орталықтарына жолдамалар және тағы басқа қолдау шаралары қарастырылған.

Сондай-ақ, спикер компанияда гендерлік саясаттың назарда екенін айтты.

«Қорда «Гендерлік теңдік» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 68 көшбасшы әйелден тұратын пул қалыптасты. Оның 15-і Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға тәуелсіз сарапшылар мен спикерлер болып тағайындалды. Ал 16-сы директорлар кеңесі және қадағалаушы кеңестің мүшесі болды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», - дейді ол.