«Самұрық-Қазына» қоры қандай жобаларды іске асырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» АҚ энергетика, мұнай-газ химиясы, логистика және басқа да салаларда 130 жобаны іске асырып жатыр. Бұл туралы аталған қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты.
— Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» энергетика, мұнай-газ химиясы, логистика және басқа да салаларда жалпы құны 53 трлн теңгені құрайтын шамамен 130 жобаны іске асырып жатыр. Биыл біз жалпы құны 700 млрд теңге болатын 4 ірі жобаны іске қостық. Бұл Алматы қаласы мен агломерациясындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газ инфрақұрылымын тарту жобасы. Аталған жоба 2026 жылы газбен жұмыс істейтін ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. МАЭС-1 станциясының бірінші энергетикалық блогы қалпына келтіріліп, іске қосылды. Бұл шара энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге және өткен кезеңдерде болған электр энергиясының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Сондай-ақ қор басшысы Қытайдың Сиань қаласында құрғақ жүк портының іске қосылғанын айтты. Оның ашылуы еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Одан бөлек Қарашығанақ кен орнында бесінші компрессор іске қосылғанын атап өтті. Бұл шара көмірсутектер өндірісін жылына 10-11 млн тоннаға дейін арттыруға сеп болады.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекетке қанша дивиденд төлегенін жазған едік.
Былтыр «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекетке 460 млрд теңге дивиденд төлеген болатын. Яғни биылғыдан 119 млрд теңге аз.
Алайда, 2023 жылғы таза табыс биылғыдан сәл жоғары болған.