«Самұрық-Қазына» ҚТЖ акцияларының қосарланған листингіне қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» қоры бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ акцияларының халықаралық және қазақстандық қор нарығында қосарланған листингі мүмкіндігі туралы хабарламаларға қатысты түсініктеме берді.
- «Қазақстан темір жолы» АҚ, IPO алдында тұрған кез келген актив сияқты, инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Осыған байланысты Үкіметпен бірлесіп тығыз өзара іс-қимылда және келісім бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, - делінген қордың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар халықаралық инвестициялық банктердің бағалауы бойынша, геосаяси жағдай мен нарықтық ахуалдың тұрақтануы – IPO-ның сәтті өтуінің негізгі шарты. Бұған қоса, орналастыру факторларының қатарында ҚТЖ-ның 2025 жылғы қаржылық есептілігінде транзиттік көлемдердің артуына байланысты нәтиженің нақты көрініс табуы, сондай-ақ компанияның қарыз жүктемесінің бір бөлігін қайта құрылымдау мүмкіндігі атап өтілген.
- IPO-ны өткізу мерзімі мен құрылымы, соның ішінде акциялар көлемі мен орналастыру жүргізілетін ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығы алдын ала дайындық іс-шаралары аяқталған соң, инвестициялық банктер түріндегі тәуелсіз кеңесшілердің ұсынымдарын және қолайлы нарықтық жағдайды ескере отырып айқындалады, - деп түсіндірді «Самұрық-Қазына» қоры.
Сондай-ақ акцияларды орналастырудан түсетін қаражат Үкіметпен келісім бойынша «Қазақстан темір жолын» дамытуға бағытталатынын айтылды.
Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» мен QazaqGaz компаниялары қашан IPO-ға шығарылатыны хабарланды.