«Самұрық-Қазына» мемлекеттен 1,25 трлн теңге табысын жасырып қалды — Азат Перуашев
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Азат Перуашев 2024 жылғы бюджеттің игерілуі туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін талқылау барысында «Самұрық-Қазына» қорының маңайында айналып жатқан ақшаның сұраусыз кетіп жатқанына алаңдайтынын білдірді.
— Үкімет өзінің жұмысын толық көрсетпей отырған болуы мүмкін. Өйткені өңірлерде терең бөлініске негізделген, ұлттық экономиканың құрылымына әсер ететін жаңа инвестициялық жобалар пайда болып жатыр. Бірақ ол жобалар Үкіметтің есебінде жоқ. Ал осы жобаларға Үкіметтің шешімі бойынша «Самұрық-Қазына» қоры арқылы триллиондаған теңге Парламент пен бюджетті айналып өту жолымен бөлініп отыр. Осылайша параллельді экономиканың сипаттары қалыптасып отыр. Бюджет арқылы өтетін экономика бар да, Үкімет Парламентте талқылап, есеп бермей-ақ қалыптастырып жатқан экономика бар, — деді ол.
Депутат «Ақжол» партиясы мемлекет пен квазимемлекеттік кәсіпорындардың бүкіл қаражатын бюджет арқылы бағыттауды ұсынудан жалықпайтынын айтады.
— 2024 жылдың бюджетін бекітер кезде «Ақжол» фракциясы Бюджет кодексіне квазимемлекеттік кәсіпорындардың бүкіл табысын бюджеттің кіріс бөлігіне алып қою туралы талап енгізген болатын. Бірақ оның орнына «Самұрық-Қазына» қорының жүйе құраушы компанияларынан түскен табыстың 50 пайызын қордың өзі анықтаған бағыттарға жіберу туралы норма қабылданып кетті. «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі, бүкіл даму банктері мен даму институттары, әкімдіктер мен министрліктер жанынан ашылған саны көп әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тағы да бюджеттен тыс қалып отыр, — дейді Азат Перуашев.
Айтуынша, Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» қорының 11 еншілес кәсіпорнынан түскен 347 млрд теңге табыс бюджетке түспегенін анықтаған.
— Қордың қаржылық кірістері, есепшоттар бойынша банк пайыздары, валюта бағамының айырмашылығынан түсетін кірістер сияқты басқа табыстарының бәрі мемлекет бюджетін айналып өтіп кетіп жатыр. Есепті кезеңде (2024 жыл — ред.) бұл кірістердің жалпы сомасы 1 трлн 250 млрд теңгеден асып кеткен. Яғни осыншама сома есепке алынбаған және мемлекет бюджетіне бағытталмаған. Сөйте тұра қордың біз көзден сатып алу үлесі 56 пайыздан 60 пайызға дейін артып, 2 трлн 200 млн теңге болған. Осылайша ашықтық пен бәсекелестіктің бүкіл талаптары бұзылып отыр. Мысалы, KEGOK акционерлік қоғамы қондырғыларды нарықтағы бағасынан 3 есе қымбатқа сатып алған, — деген депутат басқа тағы бірнеше мысал келтірді.
Оның сөзінше, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың еншілес компаниялары әкімшілік ресурстар мен мемлекеттің мүмкіндіктерін пайдаланып, жеке меншік кәсіпорындардың еншісін тартып алып жатыр.
— Samruk-Kazyna Construction компаниясы тұрғын үй құрылысының бәсекелі ортасына килігіп отыр. Ал басшылығы миллиардтарды жымқырған. «СҚ Фармация» АҚ Денсаулық сақтау министрлігінің орнына медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің мемлекеттік сатып алуына араласып, бәсекелестікті өлтіріп, монополистерді қалыптастырып жатыр. «Қазавтожол» АҚ өз жұмысын ысырып қойып, жол жөндеу мен жол салуға бөлінген қаражатты үлестірумен машықтанып кеткен. Осындай құрылымдар арқылы қоғам мен Парламенттің бақылауынан бюджеттің миллиардтары әкетіліп жатыр. «Ақжол» фракциясы осы аталған функциялардың бәрін мемлекеттік органдардың құзырына, бюджет пен Парламенттің бақылауына қайтару керек деп есептейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» формуласы да осыны талап етеді, — деді Азат Перуашев.
Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының дивидендтік саясатын айқындау туралы» Үкімет қаулысының жаңа редакциясына қол қойған болатын.
Кейін «Самұрық-Қазына» аталған құжат қордың дивиденд саясатын әділетті ете түседі деп түсініктеме берді.