«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-ның халықаралық рейтингтері өзгерген жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық Fitch Ratings агенттігі «Самұрық-Қазына» АҚ-ның кредиттік рейтингісін BBB деңгейінде, болжамын «Тұрақты» деп, ал «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның рейтингісін BBB- деңгейінде, болжамын «Тұрақты» деп растады.

Фото: sk.kz

Агенттіктің бағалауы бұрынғыдай екі ұйымға да мемлекет тарапынан қолдау көрсету ықтималдығының жоғары екеніне негізделген.

— «Самұрық-Қазынаның» рейтингісі егеменді рейтингісімен теңестірілген. Себебі Fitch агенттігі мемлекеттің төтенше қолдау көрсету ықтималдығын кепілдендірілген (Virtually Certain) деп бағалайды. Бұл мемлекеттің қордың жалғыз акционері болуымен, оның басшылығын тағайындауымен және қорды стратегиялық мемлекеттік міндеттерді іске асыру құралы ретінде пайдалануымен байланысты, — делінген хабарламада.

ҚТЖ рейтингісі бір саты төмен және мемлекеттің қолдау көрсету ықтималдығының өте жоғары (Extremely Likely) екендігін, сондай-ақ компанияның дербес кредиттік бейінінің bb- деңгейінде екенін көрсетеді. ҚТЖ толығымен «Самұрық-Қазына» қоры арқылы мемлекетке тиесілі және ұлттық теміржол операторы қызметін атқарады.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов Қор басшылығына қатысты кейінгі оқиғаларға түсініктеме берген еді. Оның айтуынша, жақын арада Қор басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады.