«Самұрық-Қазына» тағы да қызметкерлерін қысқарта ма

Фото: 2gis.kz

АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін болған қысқарту туралы пікір білдірді

- Бүгінде тапсырманы орындадық. Астана бойынша қызметкерлер санын 10 пайыз оңтайландырдық. Басқаша айтқанда, 729 штат деген сөз. «Қазақтелеком» да Астанадағы қызметкерлерін 10 пайыз қысқартты. Айлыққа келсек, әр компанияның кестесі бар. Оның мөлшерін директорлар кеңесі белгілейді, - деді Ғибрат Ауғанов.

Сондай-ақ, ол «Самұрық» жүйесінде тағы қысқарту жоспарда жоқ екенін айтты.

- Біз тиісті жұмысты атқардық. Бірақ бұл әр компанияның операциялық қызметіне байланысты мәселе ғой. Қазір бүкіл компаниялар тобында оңтайландыру жоспарланып жатыр деп айта алмаймыз. Астанада қазірдің өзінде қысқарту болды, - деді басқарушы директор.

Оның айтуынша, бұл 729 адам «Самұрық» құрамына кіретін бүкіл ұлттық компаниялардың штатынан қысқартылып отыр.

- Олардың бәрі бәсекеге қабілетті, сұраныс бар мамандық иелері деуге болады. Сондықтан жұмыс табу жағынан қиындық болады деп ойламаймын. Мысалы, мен басқаратын құрылымнан қысқарған бірнеше маманның қазірдің өзінде «Самұрықтан» тыс жаңа жұмысқа тұрғанын білемін, - деді ол.

Әуелде Самұрық-Қазына елордадағы 6,5 мың қызметкердің 10 пайызын қысқартуды жоспарлаған еді.