Еске салсақ, «Халықтық ІРО» жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық қоғамдық комиссиясы ұйымдастырған шараның мақсаты бағдарламаның 1-кезеңінің қорытындысын шығарып, одан әрі жүзеге асыруда ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Төраға орынбасарының айтуынша, «KEGOC» АҚ-ын «Халықтық ІРО-ға» шығару 2013 жылдың мамыр-маусым аралығына жоспарланған. Ал жыл соңына қарай, нақтырақ айтқанда 2013 жылдың төртінші тоқсанына «ҚазТрансГаз» компаниясын шығару белгіленіп отыр.
«2013 жылы ІРО-ға кандидаттардың бірі «Самұрық-Энергоға» келетін болсақ, бұл компанияны шығаруға әзірлік жұмыстары атқарылуда. Мүмкін не осы жылдың соңында, не болмаса 2014 жылдың басында ол да Қазақстанның Қор биржасына шығатын болады», - деді Қуандық Бишімбаев. Оның айтуынша, ІРО-ға шығарылатын компаниялардың барлығы ірі және өз салалары бойынша жүйеқұрушы болып табылады.
«Алдағы шығарылатын «KEGOC» компаниясы Қазақстанның энергетикасында негізгі рөл атқарады. Еліміздің энергетикасы осы компанияның магистральді желілері арқылы бір өңірден екіншіге тасымалданады. Сондықтан да, бұл компанияның Қазақстан экономикасы шаруашылығында орны ерекше. Оның орнықты дамуы «Самұрық-Қазынаға» да жалпы ел экономикасына да маңызды», - деді Қ. Бишімбаев.