«Самұрық-Энерго» «АЖК» басшылығының жеке жауапкершілігіне байланысты шара қолдану қажет -Алматы әкімінің орынбасары

АЛМАТЫ. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Самұрық-Энерго» АҚ «АЖК» АҚ басшылығының жеке жауапкершілігіне байланысты лауазымды қызметінен босатуға дейін шара қолдану қажет.

Алматы әкімінің орынбасары Ербол Шорманов кеше қала шаруашылықтарының 2009-2010 жылғы жылу маусымына дайындық штабының отырысында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Басқосуда қаралған негізгі мәселе мамырдың 1-інде Медеу ауданындағы электр энергиясының өшірілуі болды. Онда қысқа тұйықталудың салдарынан апат болып, №118 «Арман» кіші стансысында электр энергиясы сөніп қалған, ал электр тарату құрылғысы өртеніп кетті. Соның салдарынан ауданның айтарлықтай бөлігі жарықсыз қалды. Достық пен Абай даңғылының, Луганский, Қажымұқан, Сәтбаев, Фурманов көшелері мен «Көктебе -1,2», «Самал ? 1,2» ықшамаудандары және Шекарашылар училищесі аумағындағы кіші стансының тұтынушы нысандарында электр энергиясы өшірілді. Әлі күнге дейін қуат көзінсіз қалған оларға берілмей қалған электр энергиясының көлемі 306 мың кВт. сағатты құрап отыр. Бұл туралы қала әкімдігін дер кезінде құлағдар етпегені үшін Ербол Шорманов «АЖК» АҚ-ын қатты сынға алды. Оларда техникалық қызметтің жедел ақпараттары болмады және бұл туралы тұтынушыларға ешқандай ескерту жасалмады. Электр энергиясын жеткізушілер мен тұтынушылар арасында өзара жауапкершілік болу керек екенін ескерткен қала әкімінің орынбасары «Самұрық-Қазына» АҚ-на шаруашылықтың электр желілерін тұрақты бақылауға алып, оны ретке келтіруге тапсырма берді. Сондай-ақ «АЖК» АҚ басшылығының жеке жауапкершілігін қарап, атқарып отырған лауазымды қызметінен босатуға дейін шара қолдану қажет екенін ескертті. Өйткені «Арман» кіші стансысындағы апат қаупі бұрыннан белгілі болатын. Мәселен, өткен жылдың соңында 2 рет, ал биыл 4 рет апат орын алды. Сонымен қатар олар қаланың энергетикалық басқармасымен келіспестен жылу маусымы аяқталған кезде трансформаторлардың бірін өшіріп те тастаған.