Самұрық-Энерго өкілі «Богатырь Көмір» кен орнындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Энерго» АҚ еңбек күзеті департаментінің директоры Төлеген Максилов «Богатырь Көмір» ЖШС-де болған қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық көздерден алынған фото

«Компанияда болған 4 қайғылы оқиғаның әрқайсысының себебі қандай?» деп сұрады «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев.

Төлеген Максиловтың айтуынша, заңнама талаптары кәсіпорынға жұмысшылардың психиологиялық жағдайын бақылап отыруға мүмкіндік бермейтін көрінеді.

«Шынымен де әр оқиға өте қайғылы жайт болып отыр. Әріптестері 1-2 күн қайғырып ұмытып кеткенімен, отбасы үшін орны толмас қасірет. Әр оқиғаны бүге-шігесіне дейін талдап, зерттедік. Ресми тергеуден бөлек өзіміздің ішкі тергеу жүргізілді. «Богатырь Көмірде» бригадир вагон астына түсіп өлген жағдайды қарасақ, қайғылы жайтқа ешқандай алғышарт жоқ болатын. Өзі бригадир, еңбек қауіпсіздігін өзгелерге үйретіп жүретін. Бізге директорлар кеңесіндегілер жұмысшылардың психологиялық жағдайына назар аударуды ұсынды», - деді ол.

Айтуынша, қолданыстағы заңнама кәсіпорынға ондай тексеру жүргізуге рұқсат бермейді.

«Бірақ ішкі тергеу кезінде вагон астына түсіп өлген марқұм екі аптадан кейін демалысқа шығуы керек болған. Бүкіл отбасы Астанада еді. Басында қандай ой болғанын, жақындап қалған пойыз даусын неге естімегенін білмеймін. Қасында белгі беруші тұрған. Ол да ескертуі керек болатын. Әзірге оның бәрі жұмбақ күйінде қалып отыр. Тергеу әлі аяқталған жоқ. Біз жасаған қорытындының бірі – бақылауды күшейту, бақылаушыларды оқыту. Оның бәрі мен жоғарыда атаған жобаның аясында іске асады. Оған 80 млрд теңге қарастырылғанын айттым. Осы кешенді өзгерістерден кейін мұндай жайттар қайталанбайды деп үміттенемін», - деді Төлеген Максилов.