«Самұрық-Қазына» 7 мыңға жуық үлескері бар 43 аяқталмаған нысанды қаржыландырып отыр

None
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 7 мыңға жуық үлескері бар 43 аяқталмаған нысанды қаржыландырып отыр.

Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының алқа мәжілісінде Басқарма мүшесі, Басқарушы директоры Қайрат Әйтекенов мәлім етті.

«2011 жылдың 1 қаңтардағы мәліметі бойынша «Самұрық-Қазына» қоры 137,4 млрд. (69 пайыз) теңгені игеріп, 11870 үлескері бар 52 тұрғын үйдің құрылысын аяқтады. Атап айтқанда, қазіргі кезде қордың тетіктері арқылы 6955 үлескердің қатысуымен аяқталмаған 43 нысан қаржыландырылып отыр»,-деді Қ. Әйтекенов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Астанада 4059 үлескері бар 31 нысан, ал Алматы және Алматы облысында 2896 үлескердің қатысуымен 12 нысанның құрылысын аяқтау қажет. «2011 жылы 16 тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр»,-деп атап өтті Қ. Әйтекенов.

Естеріңізге сала кетейік, дағдарысты еңсеру бағдарламасы аясында үлестік құрылыс нысандарын аяқтауға «Самұрық-Қазына» қоры жалпы 200 млрд. теңге бөлді. Оның ішінде 170 млрд. теңгесі Ұлттық қордың қаржысы. Сондай-ақ қалған 30 млрд. теңгесі Стресстік активтер қорының қаржысы болып табылады.