«Самұрық-Қазына» АҚ 2016 жылды таза табыспен аяқтауды жоспарлап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылды «Самұрық-Қазына» АҚ таза табыспен аяқтайды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған Қордың Стратегия және активтер қоржыны жөніндегі басқарушы директоры - Басқарма мүшесі Балжит Грюал мәлім етті.

«Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 2016-2020 жылдары Қор сұраныстың азаюы, шикізатқа бағаның төмендеуі, қоржын деңгейіне қарыз салмағының артуы салдарынан ауыр экономикалық жағдайда жұмыс істейді. Алайда, осы күрделі жағдайға қарамастан, «Самұрық-Қазына» АҚ 2016 жылды 100,85 млрд. теңге көлеміндегі таза табыспен аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар одан арғы жылдары стратегиялық бастамаларды тиімді жүзеге асыру арқасында Қордың жиынтық таза табысы тұрақты түрде өсетін болады.

Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ жаңа және өсіп келе жатқан компанияларға инвестиция салуды жалғастырады. Аталған ұйымдарға 2016 жылы 98 млрд. теңге және 2017 жылы 63 млрд. теңге салу көзделген. 2016-2020 жылдары жаңа жәнен өсіп келе жатқан компанияларға салынатын жалпы инвестиция көлемі шамамен 215 млрд. теңгеге жуықтайды.

«2016 жылдан бастап Қор өзінің инвестициялық қоржынын әртараптандырып, жаңарту мақсатында белсенді түрде инвестициялық мүмкіндіктер іздеп, жаңа және өсіп келе жатқан компанияларға көмек беретін болады», - деді Б. Грюал.