Айта кетейік, 2012 жылы ТМД мемлекет басшылары Достастық елдерінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығын кең ауқымда тойлап, 2015 жылды «Ардагерлер жылы» деп атауға шешім қабылдаған болатын. Осыған байланысты елімізде осынау атаулы күнге дайындық басталып та кетті.
«Меморандумның басты мақсаты - алда келе жатқан Жеңіс күнін атап өту ғана емес, сонымен қатар, осы жеңісті алып келген қарттарымызға қолдан келгенше көмектесу. Сондай-ақ Жеңістің 70 жылдығын өз дәрежесінде тойлау үшін барлық дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры да бұл шараға барын салуда», - деп атап өтті Д. Қалетаев.
«Ардагерлер бар өмірін біздің бүгінгі бақытты өмір сүруімізге арнаған аяулы жандар. Оларды қолдап, қорғау - біздің азаматтық парызымыз. «Самұрық-Қазына» қорының ардагерлерімізге осындай қамқорлық көрсетіп отырғаны үлкен азаматтық. Бүгінгі қол қойған құжатымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ардагерлерді қолдауға байланысты саясатының бір бағыты деп білеміз», - деп атап өтті Ө. Озғанбаев.
Айта кетейік, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ еліміздегі ең кең таралған ұйымдардың бірі. Оның құрамында шамамен 1,7 млн. адам бар. Бүгінде еліміздегі көзі тірі 6300-ден астам соғыс ардагері мен 203 270 тыл еңбеккерлері, сондай-ақ 744 концлагерлер тұтқындары осы ұйымның мүшелігінде.