Бұл туралы бүгін аталмыш қордың баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, жиынға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамы, «Альянс банк», «БТА банкі» сияқты құрылымдардың басшылары қатысқан. Онда директорлар кеңесі «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен оның құрамындағы ұйымдардың, яғни қордың елу немесе одан да көп акциясына иелік ететін компаниялардың тауар, қызмет көрсету және жұмыс түрлерін сатып алу сияқты шараларына қатысты жаңа ережені қарастырды.
Сонымен қатар басқосуда қордың ішкі аудит қызметінің аудиторлық жоспары бекітілді. Сондай-ақ жиында «Самұрық-Қазына» «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Альянс банк», «БТА банкі» АҚ-ына қатысты жекелеген мәселелер талқыланды.