«Самұрық-Қазына» алдағы уақытта химия және мұнай химиясы, құрылыс, тау-кен және машина жасау сынды салаларға баса назар аудармақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» алдағы уақытта химия және мұнай химиясы, құрылыс, тау-кен және машина жасау сынды салаларға баса назар аудармақ. Бұл туралы бүгін аталған қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

«Қазір қорды түрлендірудің ауқымды бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты - мемлекет активтерін басқару мен бизнесті жүргізудің жаңа сатысына көтеріліп, біздің компаниялардың жаңа жоғары жетістіктерге жетуіне жол ашу», - деді Ө.Шөкеев бүгін қордың еншілес кәсіпорындары басшыларымен өткен кеңесте.

Оның атап өтуінше, алдағы уақытта қор холдинг үшін бұған дейін дәстүрлі болып келген мұнай мен газ, көлік және коммуникация, инфрақұрылым мен энергетика, атом өндірісі сынды секторлардан қаражатты экономиканың енді дамып келе жатқан химия және мұнай химиясы, құрылыс, тау-кен және машина жасау сынды салаларына қайта бөлу қамында маңызды шараларды қолға алмақ.

«Жалпы, қазірде «Самұрық-Қазына» АҚ қоржынында жалпы құны 146 млрд. долларды құрайтын 163 жоба бар. Оларға қор құйған әр долларға қосымша 3 доллар инвестиция тартылды», - деді басқарма төрағасы.