Самұрық-Қазына Дүниежүзілік банкпен бірге «жасыл» экономиканы зерттейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан Тәуелсіз әл-ауқат қорлары халықаралық форумының (IFSWF) жыл сайынғы 9-шы отырысы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ мен Дүниежүзілік банк арасында ынтымақтастық туралы алдын ала келісімге қол қойылды. Оның мақсаты - «жасыл» даму саласында бірлескен әлеуметтік-экономикалық талдау жұмысын жүргізу, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл маңызды оқиға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Дүниежүзілік банк арасында ынтымақтастық орнағанын білдіреді. Орнықты даму және белсенді инвестициялар Қор қызметінің стратегиялық бағыттары болып табылады. «Жасыл» экономика саласындағы зерттеу жұмыстары қайта қалпына келетін қуат көздерін пайдалануға бағытталған жобаларды ынталандыруға өз үлесімізді қосуға жол ашады. Ал исламдық қаржыландыру саласында қазақстандық компанияларға инвестициялау тетіктерін кеңейтуге септігін тигізеді», - деді Қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Келісімге сәйкес тараптар Қазақстанда және Орталық Азия өңірінде «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар исламдық қаржыландыру саласында, Қазақстан және ТМД мемлекеттері нарығында дамыту мүмкіндіктері мен сын-қатерлерді шешу бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмек.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Фрэнсис Ато Браунның пайымынша, ендігі уақытта әлем «бұрынғы сарынмен» жұмыс істей алмайды.

«Бүгінде «жасыл» даму - бұл орнықты әлеуметтік-экономикалық даму мақсатында қоғам алдындағы экологиялық сын-қатерлермен жұмыс. Дүниежүзілік банктің тобы Қазақстанда Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы аясында өзінің жаһандық тәжірибесін және ұсыныстарын, сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорына «Қазақстанның жасыл экономикасы» тұжырымдамасы мен жоспарын қолдауға септігін тигізетін ағымдағы жобаларды кәдеге жаратады», - деді Ато Браун.