«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы сатып алуларының тиімділігі тексеріледі - Есеп комитеті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ына қарасты компаниялар тобының сатып алу шараларының тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Есеп комитетінің отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген аталған органның мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазынаның» даму жоспарларын жүзеге асырылуын бағалау, қордың компаниялар тобындағы сатып алуларды жоспарлаудың негізділігі мен тиімділігі мәселелері бойынша мемлекеттік аудит басталды. Бұл мемлекеттік аудит екі жарым айдан кейін аяқталады. Қорытындысын осы жылдың мамыр айының ортасында шығарамыз. «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңға сәйкес есеп комитетіне қосымша құзірет пайда болды. Егер де біз бұған дейін қолданыстағы заңнамалардың нормаларының сақталуын ғана тексерсек, ендігі уақытта қордың ішкі құқықтық актілерінің сақталуына да аудит жүргізетін боламыз», - деді Мұхаметкәрім.

Айта кетейік, бүгін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің отырысында ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінген республикалық бюджет қаражатына, сонымен қатар аталған қорға еншілес және тәуелді ұйымдар акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасының іске асырылуына жұмсалған мемлекет активтерінің пайдаланылуына қатысты мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ҚазАқпарат Есеп комитеті «Самұрық-Қазына» қоры жұмысынан миллиардтаған қаржылық бұзушылықтарды анықтағанын хабарлаған болатын.