«Самұрық-Қазына» компанияларының басшылары қызметкерлерiн «жұмсақ» басқаруға көшпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ Адам ресурстарын басқару жөніндегі бас директоры Дэниел Крюстерг ұлттық компаниялар жұмыстағы қатаң бақылаудан «икемді» көшбасшылыққа ауысуы тиiс деп есептейдi.

«Біздің мақсатымыз - көшбасшылықтың қағидаттарын өзгерту. Әрине, қазір компаниялардағы көшбасшылық деңгейі жақсы. Бірақ, қазір ұлттық компаниялар командалық көшбасшылық, қатаң бақылаудан «икемді» көшбасшылыққа ауысуы керек. Яғни, қызметкерлермен қызмет бабындағы қарым-қатынасты барынша «жұмсақ», икемді жүргізуі керек», - дейді ол бүгін Астанада өтіп жатқан адам ресурстарын басқару жөніндегі Х «Халықаралық HR» конференциясында.

Д.Крюстерг сөзiне қарағанда, қызметкерлермен жұмыс құжаттарды дайындау, болмаса, қағазбен жұмыс емес, бұл ұйымның стратегиялық мақсаты жолындағы жұмыс болуы керек.

«Қызметкерлермен жұмыс дегеніміз құжаттарды дайындау, болмаса, қағаздармен жұмыс істеу емес. Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» қоры қызметкерлерді іріктеу, олармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін қайта қарап, бұл бағытта көп жұмыс істеді. Бүгінгі таңда, қордағы қызметкерлердің орташа жасы 37 жас, қызметкерлердің 14 пайызы «Болашақ» бағдарламасының түлектері, 33 пайызында магистр дәрежесі, 44 пайызының шетелдік білімі бар және қызметкерлеріміздің 84 пайызы шет тілдерін меңгерген», - деп түйдi сөзiн ол.