Компания отандық өнім өндірушілер реестріне тіркелу ақысыз негізде, тегін енгізілетінін ресми түрде мәлімдейді. Бұл туралы ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Соңғы кездері қазақстандық кәсіпкерлер тарапынан біршама шағымдар жасалынып, ол бойынша отандық өнім өндірушілерге бәзбір азаматтар мен ұйымдар тарапынан Реестрге «енгізуге кепілдеме береді» екен және сол «қызметі» үшін 30 мың теңге сұрайды екен, деген дақпырт таралыпты. Осыған байланысты, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС мынадай мәлімдеме таратады: «Тек «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС ғана Реестрге отандық тауар өндірушілерді енгізіп, оны құрылымдаумен айналысады және мүгедектер ұйымдары Реестрін, адал жұмыс істейтін жабдықтаушылар тізімін, сенімсіз жабдықтаушылар тізімін жасайды. Реестр мен Тізімге қосқаны үшін ақша талап етілмейді. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры» мен «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС Реестр мен Тізімді құрылымдайтын кезде делдал компаниялар мен жеке тұлғалардың қызметін пайдаланбайды. Реестрге ену үшін арнайы «қызмет» ұсынатын делдал компаниялар мен тұлғалардың шаралары заңсыз. Мұндай жағдаймен кезіккендер құқық қорғау ұйымдарына хабарласуы керек», делінген баспасөз айғағында.
Естеріңізге сала кетейік, Реестрге ену үшін қажетті ережелер мен үрдістер туралы толық ақпараттар www.samruk-kazyna.kz арнайы веб-сайтында орналасқан.