«Көптеген мәдени, әлеуметтiк шаралар өткiземiз, соғыс ардагерлерiнiң кiтаптарын шығару сынды жұмыстар жүргiзудi мақсат етiп отырмыз. Бұл Қазақстандағы барлық ардагерлерге арналады. Жарты миллиард теңге тек шараларды өткiзуге бөлiнедi. Әрбiр ардагерге бiржолғы ақша бөлу жөнiндегi сұрақ әлi қарастырылған жоқ. Бұл - Қазақстан ардагерлерi кеңесiнiң құрастырған бағдарламасына көзделген қаржы», - деп атап өттi ол.
Оның айтуынша, аталмыш қаражаттың нақты сомасы әлi белгiленген жоқ. «Алдын ала мен тек жарты миллиард теңгеге дейiнгi сома екендiгiн айта аламын. Ондай ақшаны биыл бөлуге қор дайын. Дегенмен, бұл сома өзгеруi ықтимал, анықтала келе, қаражат одан аз сұралуы мүмкiн. Сонымен қатар ардагерлердiң жалпы жағдайына зерттеу жүргiзiледi. Соғыс көрген қарияларымыздың әлеуметтiк картасын жасауымыз керек. Ардагерлер неден мұқтаждық көрiп отырғандарын бiз бiлуiмiз шарт, оның орнын толтыруға жұмыстар атқарамыз», - деп атап өттi Д. Кәлетаев.
Бұның алдында хабарлағанымыздай, қор әрбiр ардагердiң үйiне «дабыл түймесiн» орнатпақ. Ол қауырт жағдайда жедел медициналық қызметтi немесе әлеуметтiк қызмет өкiлдерiн шақырту үшiн қолданылатын болады. Қазiргi уақытта қажеттi қаражатты бөлу мәселесi қаралуда.
Бүгiн «Самұрық-Қазына» АҚ орталық кеңесiнде осыған орай, Басқарма төрағасы Өмiрзақ Шөкеевтiң қатысуымен Қор басшылығының «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң белсендiлерiмен кездесуi өттi. Iс-шараға Қазақстан вице-премьерi Гүлшара Әбдiхалықова қатысты.
Айта кетейiк, бүгiнде елiмiзде шамамен 4,5 мыңнан астам Ұлы Отан соғысының ардагерлерi бар.