Министрліктің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның ішкі нарығындағы әуе тасымалдарының бағдарлары артып келеді. Жыл сайын еліміз бойынша ішкі бағдарларда апта ішіндегі тасымал жиілігі 20 пайызға артуда. Алайда, қазіргі кезде ішкі тасымалдың әлеуеті толық іске қосылмай отыр.
«Өңірлік авиациялық тасымалдарда халықтың қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорына өңірлік әуе компаниясын құруды тапсырған болатын. Бұл жоба аясында Қордың серіктесі ретінде «Эйр Қазақстан» авиациялық компаниясы» АҚ белгіленді. Қор басқармасы «Эйр Қазақстанның» 49 пайыз қарапайым акцияларын алу туралы шешім қабылдады», делінген хабарламада.
Қазіргі кезде осы компанияны әуе тасымалдаушы ретінде құру бойынша тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Қордың тапсырысы аясында өңірлік әуе компаниясын құрудың бизнес-жоспары әзірленді.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» серіктестесімен бірге әуе кемелерін қаржыландыру бойынша ірі лизингтік компаниялармен келіссөздер жүргізуде. Осы орайда 2015 жылдың бірінші жартысында 6 ұшақты, сондай-ақ 2015 жылдың соңына дейін тағы 4 әуе кемесін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ұшақтар Қазақстанға жеткізілгеннен кейін әуе компаниясы бағдарлар бойынша алғашқы тасымалдауды бастайды.
Бұл тұрғыда министрлік аталған әуе компаниясының ішкі нарықта сәтті жұмыс істеп кетуіне тиісті қолдау шараларын жасауға дайын екенін атап өтті.