«Самұрық-Қазына» қоры Маңғыстау облысындағы бизнесті қолдауға қатысты іс-шаралар өткізді
Форум барысында «Самұрық-Қазына» қорының делегациясы (Қордағы отандық кәсіпкерлікті қолдаумен айналысатын даму институттары мен компаниялардың өкілдері) кәсіпкерлікті қолдаудағы Қор Тобы ұсынып отырған құралдарын таныстырды. Ал Маңғыстау облысы әкімшілігі облыстың шикізаттық емес секторындағы жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларды инвесторлардың яки, даму институттарының назарына ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауында «жеделдетілген индустриялизация мен инфрақұрылымды дамыту есебінен орнықты экономикалық өсімге қол жеткізуге» тапсырма берілген болатын. Осыған орай, «Даму институттарының ашық есік күні» аймақтарда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ бастамасымен өткізіліп отыр. Зерттеулерге қарағанда, жергілікті жерлердегі кәсіпкерлер индустриялды немесе инфрақұрылымдық салалардағы жобаларды бастама етіп көтеру кезінде осы даму институттарыны ұсынып отырған қолдау шараларынан хабарсыз қалады екен. Ал негізінен, аймақтар ұсынып отырған болашағы зор жобалар инвестор ретінде даму институттарының назарына ілігуі керек. «Қазіргі күні Қордың компаниялары 146 инвестициялық жобаны қаржыландырып отыр. Оның 96-сы пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда осы өндірістерде 20 мыңға тарта жұмыс орны ашылды. «Даму» қорының қолдауымен шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы 8,5 мың субъект қолдауға ие болып, 26 мыңнан астам жұмыс орны ашылды», делінген баспасөз айғағында.
Ал Маңғыстау облысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бөлген қаржы және «Даму-Аймақтар» бағдарламасының арқасында 357 кәсіпкер 13,443 млрд. теңгеге 1 мың 42 несиесі қаржыландырған. 178 жұмыс орны ашылды. «Даму» қоры тек қаржылық тұрғыдан ғана емес, қаржылық емес қолдау шараларын да кәсіпкерлерге ұсынады. Мәселен, «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысынан 440 адам білім алды.
«Жалпы, кәсіпкерлікпен айналысатын кез келген адам даму институтының көрсететін қызметін өз игілігіне пайдалана алады. Өйткені, даму институттары өте ірі, ауқымдық жобалардан бастап, наубайханалар, азық-түлік өнімдерін өндіретін кішігірім өндірістер, құрылыс материалдарын шығаратын орталықтар, полиграфиялық баспа өнімдерін шығаратын орталықтарды құруға да қолдау білдіре алады. Бұған әрине, сауда орталықтарын, сұлулық салондарын, техникалық қызмет көрсету стансыларын, шеберханаларды, жеке медициналық орталықтарды, демалу орындарын, жеке балабақшаларды да қоса атап өту қажет», делінген баспасөз айғағында.