«Самұрық-Қазына» қоры орталықтандырылған қазынашылық жүйесін енгізбек

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ орталықтандырылған қазынашылық жүйесін енгізбек.

Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

«Бюджеттік тәртіпті күшейту және ақша ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында біз қаржы-экономикалық блокты реформалауды бастадық. Оның маңызды элементі орталықтандырылған қазынашылық жүйесін енгізу болып табылады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жоба ақша қаражаттарын, қарыздарды және қаржылық тәуекелдерді барынша тиімді басқаруға мүмкіншілік береді. Қазіргі уақытта қор алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені зерделеп, орталық қазынашылықтың оңтайлы моделін іріктеу үстінде. «Біздер қазынашылықтың аралас құрылымын жүзеге асыратын боламыз. Біз қордың және ұлттық компаниялардың қызмет бағыттарын ескере отырып алдыңғы қатарлы тәжірибені енгіземіз», - деді ол.

Сонымен қатар аталған шара қордың және ұлттық компаниялардың әлемдік үздік компаниялардың қатарына шығуына мүмкіндік беретінін баса айтқан Ө.Шөкеев: «Ағымдағы жылы қазынашылықты орталықтандыру жобасы  ілкі аймақта үш компанияда басталады», - деді.