«Самұрық-Қазына» қоры үшінші тоқсанда құрамындағы компаниялардың шығындарын оңтайландырудың екінші сатысын жүргізеді - Қ. Келімбетов

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қоры ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында құрамындағы компаниялардың шығындарын оңтайландырудың екінші сатысын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Самұрық-Қазына» қоры еншілес ұйымдары кадрлық қызметтер басшыларының семинар-кеңесінен кейінгі брифингте журналистерге Қор басшысы Қайрат Келімбетов мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші сатыда біз іс жүзінде 15 пайыз қысқарту жүргіздік және 1 млрд. долардан астам қаржы үнемдедік. Қазір біз шығындарды қысқартудың екінші сатысымен жұмыс істеп жатырмыз», деді Қ. Келімбетов.

Оның айтуынша, бұл қарабайыр қысқарту болмайды, бұл компаниялардың тиімділігін арттыру жұмысы болады. Осы орайда Қ. Келімбетов «Самұрық-Қазына» қоры еліміздегі барлық компаниялар үшін шығындарды қысқартуда  жақсы үлгі көрсеткенін атап өтті.

Алайда, Қор басшысы екінші сатыда шығындар қанша пайызға қысқаратынын нақтыламады. «Біз қызметкерлердің санын қысқартуға емес,  компаниялар жұмысының тиімділігін жақсартуға пейілдіміз. Жақсы нәтижеге санмен емес, ақылмен қол жеткізгіміз келеді», деді ол.