«Самұрық-Қазына» қоры жанынан Мамандандырылған комитет құрылады

None
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «СамұрықҚазына» Ұлттық әл-ауқат қоры жанынан Мамандандырылған комитет құрылады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Ұлттық әл-ауқат қоры» туралы заң жобасын талқылау барысында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасына сәйкес Қордың акциялары тек қана мемлекет меншігінде болады және иеліктен шығарылмайды. Бұдан бөлек, Қордың онжылдық даму стратегиясы Үкімет қаулысымен бекітіледі. Ал оның Директорлар кеңесі Премьер-Министр лауазымымен басқарылады, кеңес мүшелері Үкімет мүшелері болып саналады.

«Әл-ауқат қорының жанынан Мамандандырылған комитет құрылады. Оның құрамына Есеп комитетінің өкілі кіретіні белгіленіп отыр. Өкіл Қор мен оның барлық еншілес компанияларының мемлекеттік қана емес, коммерциялық қаражаттарының (коммерциялық қызметінен түскен табыстарын) да пайдалануына тексерістерді қамтамасыз етеді. Мемлекет бюджетінен Қорға бөлінетін қаражаттардың тұтастай Есеп комитетімен бақыланатынын да естен шығармауымыз керек», - дейді М. Құсайынов.

Мамандандырылған арнайы комитет құрамына мемлекеттік бақылау мен құқық қорғау органдарының өкілдері де кіретін болады.