«Самұрық-Қазына» қорында 400 адам бизнес-үдерістерді оңтайландырумен айналысуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында 400 адам бизнес-үдерістерді оңтайландырумен айналысуда. Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісіндегі дөңгелек үстелде аталған Қордың басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Қорда 40 мың бизнес-үдерістерді тіркедік. Тек бас компанияда 2 мың бизнес-үдеріс қамтылған. Ендігі мақсат - осы барлық бизнес-үдерістерді қайта қарап шығып, оңтайландырып, барша регламенттер мен ережелерді жаңадан бекіту. Бұл жұмыстармен қазіргі кезде Қорда ең үздік 400 қызметкер айналысуда»,-деді Ө. Шөкеев.

Осы ретте ол кейбір бизнес-үдерістер бойынша қызмет тиісті деңгейде орындалмай жүргенін, бұл тұрғыда арнайы бағдарлама бұл циклдерді оңай анықтап отырғанын жеткізді.

«Корпоративті жоспардағы бизнес-үдерістер бар, яғни қазынашылық, жоспарлау, бюджеттеу, салықтық есеп және басқалары қамтылған. Біздіңше, бұл үдерістер салаларға қарамастан, барлық компаниялар үшін стандартты болуы тиіс»,-деді Шөкеев.

Оның сөзіне қарағанда, бизнес-үдерістерді стандарттау тұрғысында референттік 10 модель әзірленді. Референттік модель компанияларда енгізу үшін өзіндік үлгіні қалыптастырады. Қазіргі кезде Қордың компаниялар тобы аталған модельдерді енгізумен айналысуда.