«Самұрық-Қазына» қорының қарызы қысқарып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылдың қорытындысында «Самұрық-Қазына» қоры тобының қарызы нақты мәнде 9,8 трлн теңге болды. Бұл туралы аталған қордың экономика және қаржы жөніндегі директоры Назира Нұрбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың қорытындысында қор тобының қарызы нақты мәнде 9,8 трлн теңге болды. Бұл – 2021 жылғы көрсеткіштен 220 млрд теңгеге аз. Жалпы, соңғы 5 жылда қор тобының қарыз жүктемесі азайып келеді», - деді ол баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, қор тобы қарызының орташа жылдық төмендеу көрсеткіші – 7,1 пайыз.

«Қор қаржылық тұрақтылық көрсеткіштерін мониторингілеу және оны әлемдік жетекші баламалардың көрсеткіштерімен салыстыру арқылы барлық портфельдік компаниялардың қаржылық тұрақтылығына үнемі бақылау жасап отырады. 2022 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қарызы швейцариялық франк, рубльдегі облигацияларды жабу және еуро облигацияларды кері сатып алу есебінен 388 млрд теңгеге төмендегенін атап өткен орынды. Сонымен қатар, Air Astana, «Қазақтелеком», KEGOC, «Самұрық-Энерго» компаниялары да жоспарға сай қарыздарын мерзімінен бұрын өтеді», - деді Назира Нұрбаева.